ЖЫРТҚЫШ ҚҰСТАРДЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Воскресенье, Декабрь 2, 2012


Жыртқыш құстар (Falconiformes отряды) мен жапалақ (Strigiformes отряды) отрядына қатысты құстардың түрлері жыртқыш құстар деп танылады.

Жыртқыш құстар — тірі жануарларды немесе олардың өлекселерін жеп тіршілік ететін құстар. Жыртқыш құстардың арасында тұрқы 1 метрге, жайған қанаты 2,75 метрге жететін ең ірі (құмай), тұрқы 15 сантиметрдей өте ұсақ (ергежейлі сұңқар) түрі бар. Жыртқыш құстардың тұмсығы имек, шеті өткір, кескіш. Қанаттары ұзын, көбіне ұшты, кеуде тұсы, сан еттері жақсы дамыған. Көру, есту жүйелері жақсы жетілген. Тырнақтары өткір, имек, жемін бүріп ұстауға, өлтіруге бейім.

Жыртқыш құстардың көбі жемін күндіз аулайды. Кейбір түрі сүт қоректілерді (әсіресе кемірушілерді), құстарды, бауыры мен жорғалаушыларды, кейбіреуі моллюскілерді жейді. Өлексемен, балықпен, насекомдармен қоректенетіндері де бар.

Жыртқыш құстардың 5 тұқымдасқа бөлінеді. Олар: Оңтүстік және Солтүстік Америкада тараған америка құмайлары (6 түр), Африка саванналарында кездесетін секретарь (1 түр), жер жүзіне кең тараған балықшы (1 түр), тек Антарктика мен кейбір мұхит аралдарында ғана жоқ қаршыға (205 түр) және сұңқар тұқымдасы (58 түр). Бұдан Қазақстанда 38 түрі кездеседі.

Жыртқыш құстар— моногамды құстар, жылына бір рет жұмыртқалайды. Ірілері 1—2, ұсақ түрлері 6—7 жұмыртқа салады.

Балапандарын 28 (сұңқар), 55 күн (құмай) арасында шығарады. Ауыл шаруашылығына зиянды кемірушілерді, насекомдарды, өлекселерді жеп, аймақты санитарлық жағынан тазартып, ауру, әлсіз құстарды, жануарларды оңай ұстап, табиғи сұрыптау процесіне қатысып пайда келтіреді.

Жыртқыш құстардың кейбір түрі (бүркіт, қаршыға, ителгі т. б.) өте ерте заманнан бері әуесқойлық аң аулау үшін пайдаланылады.


Добавить комментарий